ШҚО Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен Шемонаиха ауданында «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» атты облыстық байқау өтті. Байқауға облыстың аудан, қалаларынан келген 21-35 жас аралығындағы этнос өкілдері қатысты.
«Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» байқауы мемлекеттік тілді, ұлттық құндылықтар мен тарихты дәріптеуге бағытталған. Байқау шымылдығы қазақи нақышта орындалған әсем әуезді әнмен түрілді.
Байқау төрт кезең бойынша өтті. Бірінші кезеңде қазылар алқасы қатысушылар ұсынған бейнематериалдарды бағалады. Онда үміткерлердің қазақ тіліндегі сұхбаты, оқу немесе жұмыс орны туралы ақпараты, мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі мен білім, спорт және т.б. салада жеткен жетістіктерін баяндады. Ал, екінші кезеңде ұяшық таңдап, берілген тақырыпта ой толғады. Ал соңғы кезең бойынша мемлекеттік тілде «Жаңа Тәуелсіз Қазақстан» тақырыбында эссе жазды. Эссеге қойылар талап – 250-300 сөзден тұруы шарт.
«Бірлігі жарасқан елден береке қашпайды» демекші, Шемонаиха ауданы бірнеше ұл өкілдерінің басын қосқан құтты мекен. Бір қуантарлығы, мұнда мемлекеттік тілді үйренемін деушілер қатары артып келеді.
Қатысушылар әділқазылар мен көптің көңілінен шығу үшін барын салды. Төрт кезеңнің қорытындысы бойынша, І орынды Шемонаиха ауданының тұрғыны Юлия Богатырева жеңіп алды. Ол қазақ тілінде кішкентай кезінен еркін сөйлейді.
Ал ІІ орын тұғырынан Алтай ауданынан келген Руслан Канцеров көрінді. Жүлделі ІІІ орынды Глубокое, Күршім аудандарынан келген Анна Яковлева мен Анна Иванова қанжығасына байлады. Байқау жеңімпаздары арнайы дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.