«Қазақ тілінде жасанды интеллектіні қолдану және құзыреттерді жетілдіру» және «Мемлекеттік тілдегі сот актілерін түсіндіру және шешендік өнерге баулу мәселелері» тақырыптарында семинар-тренинг өтті.
Іс-шараның модераторы – Шығыс Қазақстан облыстық сотының судьясы, Оқу орталығының үйлестірушісі Жанна Мәулетханқызы Нұрсалинова.
Семинар-тренингке Өскемен қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьялары Нұрсұлтан Бағдатұлы Кәрімов, Ақнұр Қайратқызы Байгулина, Зәуре Әлімжанқызы Оразаева және Өскемен қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы Ерлан Серікбосынұлы Ахмеджанов қатысты.
Сонымен қатар аудандық және оларға теңестірілген соттардың өкілдері іс-шараға бейнеконференцбайланыс арқылы қосылды.
Семинар-тренинг барысында қазақ тілінде жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктері, кәсіби тілдік құзыреттерді жетілдіру, мемлекеттік тілдегі сот актілерін түсіндіру және шешендік өнер дағдыларын дамыту мәселелеріне назар аударылды.
Іс-шара мемлекеттік тілдің сот саласындағы қолданыс аясын кеңейтуге, кәсіби қарым-қатынас мәдениетін арттыруға және заманауи технологияларды тиімді пайдалануға бағытталды.
