Қазіргі қоғамда адамдардың бірнеше тіл меңгеруі маңызды мәселенің бірі болып тұрғаны белгілі. Осы орайда Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының ағылшын тілі оқытушысы Дина Абдолдақызы Скакова «Өзінің ана тілін ғана емес, өзге тілдерді білген адамның рухани дүниесі бай, мәдениет пен парасат кеңістігі кең, өрісі әлдеқайда байтақ болады» деп санайды.
- Өз басым ана тіліміз - қазақ тілін құрмет тұтқан отбасында туып-өстім. Бірақ Катонқарағайдың Өрел ауылы тұрғындарының басым көпшілігі орыс болатын. Мен де өзге құрдастарым секілді орыс тілді мектепте білім алдым. Шет тілі деген ол кезде бір мектепте бар, бір мектепте жоқ болатын. Менің сыныбыма Александра Загайнова деген мұғалима неміс тілінен сабақ берді. Шет тіліне деген талпынысымды сол кісі байқап, әрдайым қолдап-қолпаштап отырды. Сыныптастарым мені кейде «немка» деп те атайтын. Кейіннен 1973-1977 жылдары жоғары оқу орнына түсіп, ағылшын тілі мұғалімі мамандығын таңдауыма мектептегі сол «немка» деген атағым себеп болған шығар деп те ойлаймын, - дейді Дина Скакова.
Айтуынша, ата-анасы балаларының білім алуына үлкен қөңіл бөліпті. Әкесі Ұлы Отан соғысының ардагері, көп нәрсені көңіліне түйіп жүретін адам еді. Өзінің білімі орталау болса да, қызының тіл мамандығын таңдағанына разы болыпты. «Кең дүниенің болашағында ағылшын тілінің орны әлі ерекше болады» деп айтқаны да Динаның әлі есінде. «Қазіргі күнге дейін әкеміздің көрегендігіне таң қаламын» дейді Дина Абдолдақызы.
Институтты бітірген соң Дина еңбек жолын Катонқарағай ауданы Чернова орта мектебінде бастайды. Содан бері 45 жыл оқушылардың тұлғалық және рухани дамуына қызмет етіп келеді. Қазіргі таңда ол Шығыс Қазақстан облыстық лингвистикалық орталығында ересектер мен мемлекеттік қызметкерлерді ағылшын тіліне үйретуде.
- Үш тұғырлы тіл уақыт талабы, бәсекеге қабілетті ұлт болудың кепілі. Орталықтың негізгі қызметі - облыстық мемлекеттік мекемелердің, мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдардың қызметшілерін, сондай–ақ облыс тұрғындарын мемлекеттік және ағылшын тілдеріне оқыту.
Оқу курсы аяқталғаннан кейін тыңдаушылар қорытынды тест тапсырады. Тест нәтижесі бойынша оларға сертификаттар, куәліктер табыс етіледі, - дейді ол. Тыңдаушыларға оқу курстары А1, А2, В1, В2 деңгейі бойынша оқытылады. Ересектерге тілді меңгеруге көмектесу үшін оқытушылар тілдік дағдыларды, яғни сөйлеу, оқу, жазу және тыңдау дағдыларын дамыту үшін арнайы мотивациялық әдістерді қолданады. Ересектерге тілді үйретуде, ең алдымен, әртүрлі тақырыптар бойынша сөздік қорын байыту жұмысы жүргізіледі. Сонымен қатар, сабақтар сұрақ-жауап, әңгіме жүргізу түрінде, аудиовизуалды әдістемелер, көрнекі құралдар мен материалдарды пайдалану негізінде жүргізіледі. Оқыту барысында белсенді дамып келе жатқан онлайн платформалар және веб-қосымшалар қолданылады.
-Көп жылдағы ұстаздық тәжірибемнен айтарым, әр бала отбасында ана тілінің уызына қанып өскені дұрыс. Оның ойлау қабілеті, ойын ана тілінде жетік жеткізе білуі, сол баланың өсе келе басқа тілдерді меңгеруіне орасан демеу болмақ, өрісінің, талабының кеңейуіне жол ашпақ. Өйткені тілдік қор, тілдік формула, математика формуласы сияқты. Қазақ халқы зерек халық қой, тілдерді меңгеруде де солай. Орыс тілін біздің елдей таза меңгергендер басқа ТМД елдерінде кездеспейтін де шығар. Сол сияқты, ағылшын тілін де меңгеру біздің жастарға жеңіл әрі оңай, - дейді тәжірибелі ұстаз Дина Скакова.
Мақаланы Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының тапсырысы бойынша әзірлеген – Мейрамтай Иманғали