Самар ауданында Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының Шығыс қазақстан лингвистикалық орталығының ұйымдастыруымен “Ұлты қазақ азаматтарының тегі мен әкесінің атының жазылуын тарихи дәстүрге сәйкестендірейік” атты көшпелі семинар-кеңес өтті.
Соңғы кездері қоғамда қазақтың тегі қалай жазылуы керектігіне көп мән беріле бастады. Аты-жөнін қазақша жазғысы, фамилиясындағы орыстық -ов, -ев қосымшаларынан арылғысы келетіндердің де қатары жыл санап артып келеді. Бұрын бұл мәселе анда-санда жекелеген авторлар тарапынан ғана сөз болып қана жүрсе, қазір бұл мəселеге қазақ қауымы, ұлттық баспасөз жүйелі түрде көңіл аудара бастағаны аңғарылады.
Жалпы 1996 жылдың 2 сәуірінде «Ұлты қазақ азаматтарының тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді бекіту туралы» жарлық шыққан болатын. Сол кезде -ов, -ев секілді қосымшадан арылып, аты-жөнін қазақшалап алғандардың да қатары көп. Мұның өзі ұлттық құндылықтарға қайта мəн беріле бастағандығының айқын көрінісі.
- Мəселенің көтерілуі де, күн тəртібіне қойылуы да – бəрі орынды. Бірақ бізді қазақтың аты-жөнін жазудағы бүгінгі беталысы ойландырады. Жалпы біздің қоғамда кейде орынды көтерілген көптеген мəселелердің шешімін табуға келгенде, əркім білгенінше тон пішіп, жан-жаққа тартып, игі істің берекесін қашырып, көздеген мақсатымызға дұрыс жол таба алмай жататын жағдайлардың болып тұратындығы ешкімге құпия болмаса керек. Мұндай жағдай көбінесе, мəселені кəсіби тұрғыдан, ғылыми негізделген түрде шешпеуден туындап жатады. Біздің аты-жөнімізді жазу мəселесінде де осындай үрдіс белең алып бара жатқаны байқалады. Бұл істің стихиялық бағыт алып, «өз аты-жөнімді қалай жазсам, өз еркімде» деген əркімнің өзімбілемдік қағидатын басшылыққа алуы – ертең тегімізге қарап ұлтымызды тани алмайтын жұртқа айналуымызға апарып соқтыруы мүмкін. Болашақта аты-жөні ала-құла ұлтқа айналмауымыз үшін бұл бағытта атқарылуға тиіс жұмыстарды кейінге қалдырмай, беталысымызды бүгін түзетуіміз керек, - деді семинар-кеңесте облыстық мәдениет басқармасы тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Гүлжан Қазымова.
Осынау түйінді мәселе туралы өз ойын Самар ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Алмас Нұрғалиев ортаға салды. Алмас Болатұлы «Тегіңді түзеу- тіліңе құрмет» екенін айтады. Ендеше өзін қазақпын дейтін әр азамат ата тегінің қазақы жазылуына үлкен мән беруі керек.
Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының директоры Әсемгүл Абзалова да «ата - тегімізді қазақи жазу- патриотизмнің нышаны» екенін айтады. Семинар кеңесте Риддер қаласының тілдерді оқыту орталығының директоры Құралай Садықова «Қазақша есім қоюдың алғышарттары» туралы баяндама жасады. Сондай-ақ Катонқарағай аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Назгүл Жексембаева аты-жөнді қазақшалау туралы ойларымен бөлісті.
Жалпы бұл басқосуда қозғалған проблемалар қазіргі күні көпшіліктің ойын мазалап жүрген көкейкесті мәселе екені сөзсіз. Шара барысында қатысушылар жеке куәліктерді қазақша рәсімдеу бойынша АХАТ мамандарынан кеңес алды.
Жаңалықтар
Тегіңді өзгертем десең кедергі жоқ
Қаралды: 134